Олжас Бектенов: Біз талантты кәсіпкерлерді мемлекеттің тірегі ретінде қолдауға тиіспіз

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қазақстанның тамақ өнімдерін өндіру саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта оң нәтижелер бар болғанымен, ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті.

Үкімет басшысы азық-түлік өндірісінде мүмкіндіктер мол екенін айтып, жуырда Астана қаласына жасаған жұмыс сапары барысында барған «Тәп-тәтті» компаниясының мысалын келтірді.

«Нәтижелер бар деп айтуға болады, алайда тамақ өнімдерін өндіру бағытындағы әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан мүмкіндіктер жеткілікті. Кеше Астанадағы “Тәп-тәтті” компаниясына бардым. Ол шағын кондитерлік цехтан басталып, 4–5 жылдың ішінде ірі зауытқа айналды. Қазір онда 1,5 мың адам жұмыс істейді», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр мұндай табысты кәсіпкерлерді кеңінен насихаттап, жан-жақты қолдау қажеттігін ерекше атап өтті.

«Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осындай таланты бар азаматтарға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпкерлер — әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Барлық Үкімет мүшелері мен әкімдерге айтарым: әр өңірде осындай кәсіпкерлер бар, оларға барынша қолдау көрсетіңіздер», — деді Үкімет басшысы.

Отырыста азық-түлік өндірісін дамыту және отандық өндірушілерді қолдау экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретіні айтылды.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *